Қара Ертіс өзенінде үш азаматтың суға кетуіне байланысты іздестіру жұмыстары жалғасуда. 2025 жылғы 21 маусымда Марқакөл ауданы, Боран ауылынан шамамен 5 шақырым жерде орналасқан Қара Ертіс өзенінде үш адамның суға кетуіне байланысты құтқару-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Алдын ала мәліметтер бойынша, суға шомылуға тыйым салынған жерде 2007 жылғы суға батқан жасөспірімді құтқаруға әрекет жасаған 1991 және 1992 жылғы екі ересек азамат онымен бірге ағысқа қарсы тұра алмай, суға кеткен. Аталған азаматтардың барлығы – Зайсан ауданының тұрғындары.
Қазіргі уақытта жедел жұмыс тобы құрылып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер жұмылдырылып, іздестіру аймағы кеңейтілген.
Сонымен қатар, Өскемен қаласы, Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандарының құтқару қызметтері, полиция, жергілікті атқарушы органдар, волонтерлер мен Боран ауылындағы гидробекет қызметкерлері жүзу және іздеу құралдарымен бірге іздестіру жұмыстарына тартылған.
