Күршім ауданында 50 мың тоннаға дейін күнбағыс тұқымын өңдейтін май зауыты және астық сақтауға арналған қойма салынады, деп хабарлайды Arda.kz.
Аталмыш ауданда биыл қаңтар-сәуір айларында 3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.
Май зауыты Күршімге көрші аудандардың да игілігіне жарамақ. Аудан әкімі көршілес аудандардың басшыларымен шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін пысықтап жатқанын айтты.
– Жоспар-тапсырманы орындау мақсатында және аудандағы егістік жерлерді пайдалану және олардың тиімділігін арттыру мақсатында ауданда майлы дақылдарды өңдеуге бағытталған жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда. Инвестор жылына 50 мың тоннаға дейін күнбағыс тұқымын өңдейтін май зауытын және астық сақтауға арналған қойма салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттырып, Самар, Үлкен – Нарын, Катон-Қарағай, Марқакөл, Зайсан аудандарындағы шаруалар үшін және жергілікті шаруалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Аталған жобаға қажетті шикізат базасын қалыптастыру мақсатында, күнбағыс өсірумен айналысатын шаруашылықтардың тізімі жасақталуда, – деді аудан әкімі Мейіржан Әлібеков.
Биыл Маралды ауылдық округі Текен учаскесінде орналасқан егістік алқаптарына 750 гектар рапс дақылы егілсе, Күршім, Сарыөлең, Құйған ауылдық округтеріне 1050 гектар күнбағыс дақылы егілген.
Сонымен қатар, аудан басшысы 2025 жылы Жол картасына сәйкес ауданда су үнемдеу технологиясын орнату алаңын 2700 гектарға жеткізу жоспарланғанын айтты. Қазіргі уақытта нақты су үнемдеу технологиялары орнатылған алаң 265 гектар.