Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек тіркеу жүйесіндегі бюрократия мен фармацевтикалық саясаттағы әділетсіздікті өткір сынға алды. Оның сөзінше, бұл – адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіретін жүйелі мәселе.
Оның айтуынша, қазіргі жүйе науқастарға қажетті препараттарды қолжетімсіз етіп отыр.
Раушан есімді 42 жастағы азаматтың өмірі жай сөніп барады. Себебі ол қажет дәріні сатып ала алмайды. Ем бар, бірақ дәрі ұлттық формулярға енгізілмеген, емдеу хаттамасы 7 жылдан бері жаңартылмаған. Оның күресі – бюрократиямен күрес. Мұндай Раушандар – бір емес, мың, – деді Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, НацЭЛС (Ұлттық дәрілік сараптама орталығы) тарапынан дәрі-дәрмек тіркеу процесінде өрескел бұзушылықтар анықталған. Тіркеу норматив бойынша 210 күн ішінде өтуге тиіс болса, кейбір компаниялар үшін бұл мерзім 1275 күнге дейін созылған. Ал кейбір “таныс” фармкомпаниялар үшін небәрі 25 күнде рәсімделген.
НацЭЛС саяхатшылар клубына айналған. Қызметкерлер зауыттарды көреміз деген желеумен шетелге шығады. Барлық шығындарды фармацевтикалық компаниялар өтейді. Нәтижесі қандай – белгісіз. Бұл сапарлар жүйеге еш пайда әкелмейді, – деді депутат.
Аймағамбетовтің мәліметінше, арзан, бірақ қажетті дәрілер – мысалы, ішетін пенициллин – елде мүлдем тіркелмеген. Себебі ол компанияларға пайда әкелмейді, ал мемлекет мұндай препараттарды өз бетінше тіркеуге бастамашы емес.
Бізде жүйе тек ірі және қымбат фармацевтикалық өнімдерді ғана нарыққа шығаруға мүдделі. Ал қарапайым халыққа қажет дәрілер – мүлде ескерусіз, – деді ол.
Еске салайық, осыған дейін Әлихан Смайылов фармацияда фейк өнім мен жемқорлық бар деген деректер келтірген болатын. Сонымен қатар, Аймағамбетов ғылым мен дәрі бағасындағы былықты да айтқан еді.
Дереккөз: BAQ.KZ